02
БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ҮНДЕУІ
GRI 102-14
2020 ЖЫЛ БҮКІЛ ӘЛЕМ ҮШІН ҚИЫН ЖЫЛ БОЛДЫ ӘРІ ЖАЛҒАСЫП ЖАТҚАН ПАНДЕМИЯ ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ШАРАЛАРЫНЫҢ ШҮБӘСІЗ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫН КӨРСЕТТІ. НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСТЫҢ АРҚАСЫНДА АҒЫМДАҒЫ ЖАҒДАЙ БІЗДІҢ ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ МАҚСАТТАРЫМЫЗҒА ӘСЕРІН ТИГІЗБЕДІ ЖӘНЕ ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП ІС ЖҮЗІНДЕ ӨЗІНІҢ ESG ҚАҒИДАТТАРЫНА АДАЛДЫҒЫН РАСТАДЫ.

ҚҰРМЕТТІ АКЦИОНЕРЛЕР, КЛИЕНТТЕР, СЕРІКТЕСТЕР ЖӘНЕ ӘРІПТЕСТЕР!

Сіздердің назарларыңызға «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ы Тобының 2020 жылғы жылдық есебін ұсынамыз. Осы есепте сіз Даму стратегиясын іске асырудың және Компанияның өткен жылғы қызметінің негізгі нәтижелерімен таныса аласыз.

2020 жыл бүкіл әлем үшін қиын жыл болды әрі жалғасып жатқан пандемия денсаулық пен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының шүбәсіз маңыздылығын көрсетті. Нәтижелі жұмыстың арқасында ағымдағы жағдай біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымызға әсерін тигізбеді және Қазатомөнеркәсіп іс жүзінде өзінің ESG қағидаттарына адалдығын растады.

Біздің қызметкерлеріміздің денсаулығын, еңбегін қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрқашан Компанияның басты басымдығы болып келді және солай болып қала береді. COVID-19 пандемиясы кезінде біз жұмысшыларымыздың, олардың отбасыларының және жергілікті халықтың денсаулығын сақтау үшін белсенді шаралар қабылдадық. Мәселен, пандемия басталғанда Компания жаңа блоктар салу жөніндегі барлық бұрғылау және қосалқы жұмыстарды төрт айға тоқтатты, қызметтің үздіксіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспарлар дереу іске асырылды, оның ішінде әкімшілік персоналдың басым бөлігі үшін қашықтан жұмыс нысанына көшу жүзеге асырылды. Барлық өндірістік кәсіпорындар мен кеңселерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен әлеуметтік қашықтықты сақтау шаралары мүлтіксіз сақталады. Алғашқы мүмкіндіктің пайда болуымен біз вахтаға шығар алдында, содан кейіннен вахтаны аяқтау және қызметкерлерді вахтааралық демалысқа қайтару алдында барлық қызметкерлерді міндетті ПТР-тестілеуді енгіздік.

Негізгі басымдық – қоршаған ортаға ұқыппен қарау болып қала береді. Компанияның қызметінде табиғатқа, экологияға және қоршаған ортаға зиян келтірмеуге барынша күш салынады, ал барлық өндірістік процестер қазақстандық экологиялық заңнама нормаларына және экологиялық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарына қатаң сәйкестікте өтеді. Қазатомөнеркәсіп жауапты жер қойнауын пайдаланушы бола отырып, қоршаған ортаны қорғауға байсалды қарайды және оны қорғау үшін ең озық қолжетімді практиканы қолдануға ұмтылады.

Компанияда корпоративтік басқару тиімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Басқару органдарының жұмысын жетілдіру жөніндегі үздік практикаларды ұстану шеңберінде Компания Басқармасы мен Директорлар кеңесінің құрамын және гендерлік алуандығын кеңейту, қажетті кәсіби білімі, тәжірибесі мен құзыреттері бар жаңа мүшелерді сайлау жөніндегі ісшараларды іске асыру жалғасуда.

Сыртқы дағдарыс құбылыстарына қарамастан, Қазатомөнеркәсіп жоғары өндірістік-қаржылық көрсеткіштерге қол жеткізді және уран өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылықты сақтап қалды. Бұл Компанияның барлық қызметкерлерінің жанқиярлық жұмысы мен бірлескен іс-әрекеттерінің арқасында мүмкін болды.

2020 жылы Қазатомөнеркәсіп ұзақ мерзімді сенімді серіктес және уранның жауапты жеткізушісі ретіндегі беделін тағы да растады. Коронавирус пандемиясына қарамастан, біз барлық жоспарланған жеткізілімдерді жүзеге асырдық. Мұндай сенімділік Компания клиенттері – АЭС операторларымен бүкіл әлем бойынша өзара қарым-қатынасының іргелі негізі болып табылады.

Өзінің уран өндіру саласындағы әлемдік көшбасшы мәртебесін растай отырып және ұзақ мерзімді құнды құру стратегиясына бейілділігін сақтай отырып, 2021-2022 жылдары Компания өндіруді жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда қарастырылған деңгейлермен салыстырғанда 20%-ға төмен жүзеге асырады. Сонымен қатар біз 2020 жылы COVID-19-бен күресу шараларының нәтижесінде жоғалған өндіріс көлемін қалпына келтірмейміз. Қажет болған жағдайда біз қолда бар уран қорларын пайдалануды және спот нарығында көлем сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл Компания жауапкершілігінің жоғары деңгейіне және өзіне алған міндеттемелердің сөзсіз орындалуына көз жеткізеді.

Пандемия жағдайындағы жұмыс ерекшеліктерін ескере отырып, 2020 жылы Қазатомөнеркәсіп процестерді автоматтандыру деңгейін арттыруға және тиімді цифрлық экожүйені қалыптастыруға бағытталған бірқатар маңызды жобаларды енгізуді жеделдетті, бұл өндірістік және бизнес процестердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп, сол арқылы болашақта тұрақты өсу үшін қосымша бәсекелестік артықшылықтар мен мүмкіндіктер құрды. 2020 жылы Қазатомөнеркәсіп әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуға, сондай-ақ Компания өз қызметін жүзеге асыратын өңірлер тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға ресурстарды инвестициялауды жалғастырды. Мұндай жұмыс Компания мен оның қызметкерлерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі қағидатына негізделген, бұл пандемия жағдайында ерекше маңызды болды.

2020 жылы Қазатомөнеркәсіптің шоғырландырылған түсім көлемі 587,5 млрд теңгені, ал пайда 221,4 млрд теңгені құрады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша Компания өз акционерлеріне 99 млрд теңге (немесе бір акцияға 381,72 теңге) мөлшерінде дивидендтер төлеп, компания IPO-ға шыққан кезде уәде етілген деңгейден едәуір асып түсті.

Барлық мүдделі тараптармен тиімді ынтымақтастық, стратегиялық шешімдер қабылдаудағы барынша ашықтық және қоғам мен өз қызметкерлері алдындағы сөзсіз жауапкершілік Қазатомөнеркәсіп көшбасшылығының негізгі факторлары болып табылады және компанияға қоғамның, елдің және халықаралық атом саласының тұрақты дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ
Басқарма төрағасы
Ғалымжан Пірматов