01
ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ҮНДЕУІ
GRI 102-14
«ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» ҰАК» АҚ – УРАН ӨНДІРУШІ ӨНЕРКӘСІПТІҢ КӨШБАСШЫСЫ ЖӘНЕ ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ІРІ ТАБИҒИ УРАН ЖЕТКІЗУШІ. КОМПАНИЯНЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ МЕН НӘТИЖЕЛЕРІ БІЗГЕ АКЦИОНЕРЛЕРДІ, МЕМЛЕКЕТ ПЕН ҚОҒАМДЫ ҚОСА АЛҒАНДА, БІЗДІҢ СТЕЙКХОЛДЕРЛЕРІМІЗ КҮТЕТІН НӘТИЖЕЛЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ САҚТАЙ ОТЫРЫП, БҰРЫНҒЫСЫНША БОЛАШАҚҚА СЕНІММЕН ҚАРАУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ.

ҚҰРМЕТТІ АКЦИОНЕРЛЕР!

2020 жыл бүкіл әлемде орын алған үлкен күйзеліспен ерекшеленді. CОVID-19 пандемиясы кәсіпорындар мен бірқатар салалардың жұмысына күрделі өзгерістер енгізді және Қазатомөнеркәсібі үшін де өткен жыл сын-қатерге айналды. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында біз коронавирус инфекциясының таралу қаупін азайту үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдадық және өндірістік қызметті тоқтата тұруға мәжбүр болдық. Осыған қарамастан, Компания тұрақты өндірістік және қаржылық көрсеткіштерді сақтап қана қоймай, бірқатар маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асыра алды.

Өз кеніштерімізде қауіпсіз, экологиялық, тұрақты және аз шығынды уран өндіруді қамтамасыз ету үшін 2020 жылы қорларды барлауды және кен орындарын игеруді инвестициялауды тоқтатпадық. Біздің міндетіміз өндірістің экономикалық тиімділігін арттыру еді. Бұл жұмыста біздің стратегиялық басымдығымыз борыш деңгейі мен қаржылық тәуекелдерді басқару тетіктерін қолдана отырып, меншікті және қарыз капиталын ұтымды әрі теңгерімді пайдалану арқылы қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу болды.

Компанияны дамыту және оның қаржылық көрсеткіштерін жақсарту тиімді корпоративтік басқарусыз мүмкін емес. Тиімділікті, ашықтықты және есеп берушілікті арттыру мақсатында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның басқару жүйесі үнемі жетілдіріліп отырады. Компания қызметінің барлық негізгі процестері бекітілген нормативтік құжаттармен реттеледі және үздік әлемдік стандарттар мен тәжірибелерге сәйкес келтіріледі.

2020 жыл бойы Компанияда 2021 жылдың басында іске асырылған Басқарма құрамын жаңарту жөнінде жұмыс жүргізілді. Басшылық құрамына кәсіби қызметкерлер енгізілді, ендігі олардың тәжірибесі, құзыреттері мен сараптамасы Қазатомөнеркәсіпті одан әрі дамыту және мүдделі тараптармен өзара іс-қимылды жақсарту жолында бағалы активтерге айналатын болады.

2020 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ы бірден бірнеше маңызды инвестициялық жобаларды іске асырды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы Қазатомөнеркәсіп пен China General Nuclear Power Corporation (CGN) арасындағы ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары шеңберінде «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-ның алаңында жылу бөлгіш құрамалар (ЖБҚ) өндіру жөніндегі зауыттың құрылысын аяқтау болды. Алғашқы ЖБҚ-ның өндірісін бастау 2021 жылдың соңына жоспарланды, содан кейін жылу бөлетін құрамалардың алғашқы сертификатталған партиясы тапсырыс берушіге жеткізілетін болады.

Компанияның Оңтүстік Америка нарығындағы позициясын нығайту да маңызды еді. 2020 жылғы ақпанда Қазатомөнеркәсіп Аргентинаның атом энергетикасы үшін уран концентратын жеткізуге арналған Dioxitek тендерінің жеңімпазы атанды, бұл келісімшарттар портфелін әртараптандыру жөніндегі міндеттерді орындауға ықпал етті және өнімді сату көлемін ұлғайтты.

Капитал нарықтарының құбылмалылығына қарамастан, өткен жылы Қазатомөнеркәсіптің мажоритарлық акционері – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ы 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында Компанияның бағалы қағаздарын қосымша орналастыруды табысты жүзеге асырды. Нәтижесінде еркін айналымдағы акциялардың көлемі бастапқы орналастыру кезінде көзделгендей 25%-ды құрады. Бұл сауда өтімділігін арттырудағы кезекті қадам болды. Компанияны капиталдандырудың 2018 жылғы 3 млрд доллардан қазіргі уақытта 6,9 млрд долларға дейін өсуі қосымша орналастыру нәтижесінде неғұрлым жоғары өтімділік түрінде алынған артықшылықты айқындады.

Өткен жылы Компания БҰҰ-ның Жаһандық шартының қағидаттарын және тұрақты даму мақсаттарын ұстану практикасын кеңейтті. Осы саланың маңыздылығына назар аудару мақсатында 2020 жылы Компания «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның орнықты даму саласындағы корпоративтік саясатын бекітті. Саясатта компания қызметінің негізгі аспектілеріне орнықты даму қағидаттарын интеграциялаудың басым бағыттары мен тәсілдері атап көрсетілген. Олардың ішінде адам капиталын дамыту, еңбекті қорғау, экологиялық жауапкершілік және ғылыми-техникалық даму түйінді болып табылады. Қазатомөнеркәсіп персоналды және оның қауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғауды, жаңа әзірлемелер мен жұмыс істеп тұрған өңірлерді дамытуға жүйелі түрде инвестициялауды жалғастыруда. Көздеген міндетіміз – біздің негізгі ресурсымыз болып табылатын қызметкерлерімізді қорғау және көбейту, қазіргі және болашақ ұрпақ үшін жұмыс пен өмірдің қолайлы қауіпсіз жағдайларын жасау.

2020 жылы коронавирус инфекциясының пандемиясына байланысты әлемде болып жатқан барлық сын-қатерлер мен күйзелістерге қарамастан, Қазатомөнеркәсіп қабылданған Стратегияны ұстануды және барлық мүдделі тараптар алдындағы міндеттемелерін жауапкершілікпен орындауды тоқтатқан жоқ. Мұның айқын көрінісі дивидендтік саясатқа сәйкес дивидендтер төлеуде байқалады. Біз 2020 жылы төленген дивидендтер өткен жылдың көрсеткішінен 24%-ға асып түскенін қуанышпен жеткіземіз.

Мен тәжірибеміздің, кәсіби менеджменттің және ұйымшыл ұжымның арқасында кез келген сын-тегеурінге төтеп бере алатынымызға және алдағы уақытта да саламызда көшбасшысылық позициямызды сақтай алатынымызға сенімдімін.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Директорлар
кеңесінің төрағасы
Н. Лонгфэллоу